04
февраль
2025
«Концептуалды оқыту негізі: еуропалық тәжірибеге негізделген сабақ жоспарлау»
Өткен аптада Алматы қаласындағы А.Розыбақиев атындағы №153 мектеп-гимназиясында маңызды білім беру шарасы өтті. Қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығымен бірлесе ұйымдастырылған бұл семинар «Концептуалды оқыту негізі: еуропалық тәжірибеге негізделген сабақ жоспарлау» тақырыбында бастауыш сынып пән бірлестіктерінің басын қосты.
Семинардың негізгі мақсаты – қатысушыларды концептуалды оқытудың қағидаларымен таныстыру, сондай-ақ оның білім беру үдерісіне тигізетін ықпалын көрсету болды. Жиынның шымылдығын мектеп-гимназия директоры Умаров Шавкат Ниязовичтің құттықтау сөзі ашып, білім саласындағы жаңа бағыттардың маңыздылығын атап өтті.
Іс-шара барысында қатысушылар мектептің ішкі тыныс-тіршілігімен танысып, оқу процесінің жасырын қырларына үңілу мүмкіндігіне ие болды. «Заманауи мұғалімнің құпия қарулары: тиімді оқыту лайфхактары» атты шағын топтық экскурсия ерекше қызығушылық тудырып, ұстаздардың шығармашылық ізденісі мен жаңашыл әдістерінің маңызын айқындай түсті.
Семинардың практикалық бөлімі мазмұнды баяндамалар мен іс-тәжірибелерге толы болды. Бастауыш мектеп бөлімінің жетекшісі Камалова М.А. «Мектеп әлемі: білім, шығармашылық және ынтымақтастық» тақырыбында сөз сөйлеп, мектептің білім беру үдерісіндегі рөлін жан-жақты қарастырды. Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Аскарова А.Н. «Концептуалды оқытуда контентті байланыстырудың терең білім алуға әсері» атты баяндамасында білім мазмұнын біртұтас жүйеде қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. Ал бастауыш сынып мұғалімдерінің әдістемелік бірлестік жетекшісі Тохтахунова Г.Ж. «Ойлау деңгейін өлшеу: SOLO таксономиясын қолдану әдістері» тақырыбында оқушылардың ойлау қабілетін дамытудың тиімді жолдарын ұсынды.
Сондай-ақ, семинар аясында ата-аналарға арналған «Отбасымен мектепке арналған бірыңғай кеңістік» тақырыбында шеберлік сыныбы өткізіліп, отбасы мен мектептің бірлесе жұмыс істеуінің маңыздылығы талқыланды. Ал IB PYP бағдарламасының координаторы Аблитипова Г.К. «Рефлексия – концептуалды ойлау құралы ретінде» тақырыбында баяндама жасап, оқыту процесіндегі рефлексияның мәнін жан-жақты ашып көрсетті.
Осылайша, білім берудегі заманауи әдістер мен концептуалды оқыту қағидаларын талқылауға арналған бұл семинар ұстаздар қауымы үшін үлкен тәжірибе алаңына айналды. Жаңа идеялар, өзара тәжірибе алмасу, заманауи педагогикалық әдістерді меңгеру – мұның барлығы ұстаздардың кәсіби дамуына тың серпін берері сөзсіз.



