Камалова Майгүл Аруповна

Камалова Майгүл Аруповна – ұрпақ тәрбиелеуде есімі құрметпен аталатын, өз ісіне жан-тәнімен берілген шебер ұстаз. Ол 1964 жылдың 10 желтоқсанында Алматы облысы Ұйғыр ауданының Сұңқар ауылында дүниеге келген.
Мектеп табалдырығынан білімге деген құштарлығымен ерекшеленген Майгүл Аруповна 1986 жылы Есік педагогикалық училищесін бітіріп, еңбек жолын Сұңқар орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып бастады. 1994 жылдан бастап, А.Розыбақиев атындағы №153 мектеп-гимназияында табысты еңбек етіп келеді. 2017 жылы «Туран» университетін тәмамдап, кәсіби деңгейін жаңа белеске көтерді.
Майгүл Аруповна еңбек жолы түрлі жетістіктер мен марапаттарға толы. Ол 2002-2017 жылдары бастауыш сынып мұғалімдерінің ғылыми жетекшісі қызметін атқарып, жас мамандарға бағыт-бағдар берді. Оның білім саласындағы ізденістері мен еңбегі «Өзін-өзі тану» пәні оқулығының аудармасынан бастап, 1-4 сыныптарға арналған бірнеше әдістемелік құралдардың авторлығынан көрініс тапты.
• 2010 жылы «Өзін-өзі тану» 4-сынып оқулығының және әдістемелік құралдардың аудармасын жүзеге асырды.
• 2011 жылы «Ұйғыр тілі пәнінен тест тапсырмалары» жинағын дайындады.
• 2016 жылы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» медалімен марапатталды.
• 2017 жылы оқулықтарды сараптау және қайта қарау бойынша министрлік мүшесі болды.
• 2018 жылы БҰҰ-ның білім беру іс-шараларының өкілі ретінде қызмет атқарды.
• 2020 жылы «Өз ісінің үздігі» дипломына ие болды.
• 2022 және 2023 жылдары «Жыл мұғалімі» атанды.
• 2024 жылы педагогика саласындағы ең жоғары марапат – «Ы. Алтынсарин» медалін иеленді.
Білім беру саласына сіңірген еңбегі үшін Майгүл Арупқызы «педагог-шебер» жоғары санатының иегері атанды. Ол 1-4 сыныптарға арналған «Ана тілінде сөйлейміз», «Мен және әлем», «Математика – ғылым патшасы», «Риторика» сияқты бағдарламалардың авторы ретінде білім сапасын арттыруға зор үлес қосты.