27
январь
2025
Ахмет Ахаттың 70 жылдығына арналған көрме ашылды
Ахмет Ахаттың 70 жылдығына арналған көрме ашылды
Бүгін ЮНЕСКО-ның Қазақстан Республикасындағы қауымдастырылған Абдулла Розыбақиев атындағы №153 мектеп-гимназиясында Кеңес Одағы және Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының мүшесі, әйгілі суретші Руслан Йүсүпов атындағы көркемсурет галереясында көрнекті суретші Ахмет Ахаттың 70 жылдық мерейтойына арналған жеке көрмесінің ашылу салтанаты өтті.
Ахмет Ахаттың шығармашылығы шығыс стилінде орындалып, әрбір туындысы өткен мен бүгіннің арасындағы мәдени байланыстарды терең ашады. Дарынды суретші 1992 жылдан бастап Ресей, Түркия, Италия және Америка сынды елдерде көрмелер ұйымдастырып, Қазақстанның бейнелеу өнерін, сондай-ақ ұйғыр халқының көне мың үй жәдігерлері мен қияташ суреттерін халықаралық деңгейде танытты. Оның еңбектерінің жоғары бағалануының бір дәлелі – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Мәскеуде жарық көрген альбомның мұқабасына суретшінің петроглиф бейнесінің таңдалуы.
Салтанатты шараға белгілі суретшілер, зиялы қауым өкілдері, мектеп ұстаздары мен оқушылар қатысты. Іс-шара «Жаңа ұрпақ» тобының орындауындағы «Ата-Түрік» әнімен және «Бахар» би ансамблінің ұлттық нақыштағы керемет биімен ашылды. Кеш барысында «Юлтузлар», «Жаңа ұрпақ» топтары, «Бахар» және «Достық» ансамбльдері көрермендерге әсем әндер мен әсерлі билер ұсынып, ерекше атмосфера сыйлады.
Мектеп-гимназия директоры Ш.Н. Умаров өз сөзінде Ахмет Ахатқа және көрменің ұйымдастырылуына белсенді атсалысқан Акимжан Гулиевқа алғысын білдіріп, мұндай іс-шаралардың оқушылардың шығармашылық дамуына зор ықпал ететінін атап өтті.
Мерекелік кешті қорытындылай келе, Ахмет Ахат мектеп ұжымына ризашылығын білдіріп, өзінің болашақ жоспарларымен бөлісті. Сонымен қатар, суретші өзінің бірнеше туындысын мектепке сыйға тарту арқылы жас ұрпаққа өнерді бағалауға шабыт беретінін жеткізді.
Бұл көрме оқушылардың мәдени және шығармашылық көкжиегін кеңейтіп, бейнелеу өнерінің терең сырларын тануға үлкен мүмкіндік сыйлады.

